Наурыз айынан бастап қоқыс тастағандарды енді әкімдік де жазалайды
Томирис Тоныкөк
Енді әкімдік өкілдері де қоқысты бейберекет тастағандарды жазалай алады.
Қазақстанда наурыз айынан бастап қоғамдық орынды ластағандар мен абаттандыру ережесін бұзғандарды әкімдік өкілдері де жауапқа тарта алады. Осы уақытқа дейін құзырет тек полицияда болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Наурыздан бастап көшеге қоқыс тастап, қоғамдық мүлікті бүлдіргендерге тек полиция емес, әкімдік қызметкерлері де айыппұл сала алады. Экология министрлігі жергілікті билік өкілдеріне әкімшілік хаттама толтыру құзыретін берді. Енді абаттандыру ережесін бұзғандар шенеуніктердің де бақылауына ілігеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы Нұрлан Белқайыровтың айтуынша, абаттандыру ережесін сақтамағандарға әкімдіктегілер бірден хаттама толтырып, айыппұлды өзі сала алады. Ал қоқыс тастағандарға сот шешімі арқылы шара қабылдайды. Одан бөлек, жауапқа тарту құқығы шенеуніктердің бәріне бірдей берілмейді.
Әкімнің өздері шешеді қандай құрылымдық басқармалар айналысатынын. Біздің білуімізше тұрмыстық, коммуналдық басқармалар болады. Осындай абаттандыру мәселесімен айналысатын.
Ал қала тұрғындары тәртіп пен тазалықтың сақталғаны дұрыс дейді. Алайда бұдан кейін айыппұлдардың саны көбейе түспей ме деп алаңдайды.
"Бір жағынан бұл бақылау тым артық сияқты. Әкімдіктің қандай құқығы бар? Ол атқарушы орган, жазалаушы орган емес", "Дұрыс, әкімдік бақыласын. Көрсе, байқаса, арнайы маманын жіберсін", "Айыппұл салғанша, алдымен қоқыс жәшіктерін көбейткен дұрыс сияқты", – деді тұрғындар.
Ортақ пайдаланатын орынды ластау, яғни қоқыс тастағандарға 43 мың теңгеден астам айыппұл немесе 40 сағат жұмыс жазасы көзделген. Ал ағаш сындыру, рұқсатсыз кесу сияқты әрекеттермен абаттандыру ережесін бұзғандарға 86 мың 500 теңге айыппұл қарастырылған.