Сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сынған: бірнеше командир қызметінен босатылды
Мерзімдегі қызметтегі сарбаздың соққы алғанынан кейін бірнеше командир жұмыстан шығарылды.
Отардағы әскери бөлімдердің бірінде болған оқиғаға қатысты кадрлық шешімдер қабылданды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды тілшісі.
Бұл бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
"Бұдан бөлек лауазымды адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, қызметтік тексеріс жүргізілді. Кадрлық шешім қабылданып, басшылық құрамдағы төрт лауазымды тұлға, яғни әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеология жұмысы жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметінен босатылды. Әскери бөлім командирінің орынбасары-штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына қызметке сәйкес емес деген ескерту жарияланды", - деп жазылған хабарламада.
Бірқатар офицер мен сержантқа қатаң тәртіптік жазалар қолданылған.
Айта кетсек, Отардағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаздың жақ сүйегі сынған. Зардап шеккен сарбаз Алматыдағы госпитальда емделіп жатыр.