Денсаулық

«Жасына қарамастан мөлшерден 10 есе көп салған»: Алматы тұрғыны жеке клиника қызын өлтіре жаздағанын айтты

Әйел “Эмирмед” жеке клиникасында қызына көп мөлшерде дәрі салғанын және өлім аузынан қалғанын баяндады.

Алматы тұрғыны “Эмирмед” жеке клиникасына шағымданады. Айтуынша, процедуралық кабинетіне апарған қызы өлім аузынан қалған. Бүлдіршінге дозадан 10 есе көп препарат салынған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ерке Ерболқызы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында баяндады. Педиатр маманы энтеровирус жұқтырған балаға ем тағайындаған. Жазылған дәрілердің ішінде жүрек айну мен құсуға қарсы қолданылатын “Церукал” препараты да болған.

“Біз қажетті дәрілерді сатып алып, система салдыруға процедуралық кабинетке бардық. Медбике екі ампуланы алғанын көрдім. Салатын кезде «сіздер 0,4 мл саласыздар ма» деп сұрады. Мен солай шығар деп «иә» деп жауап бердім. Система салынып жатқан кезде қатты жылады және мазасызданды. Медбике тамырға түсе алмады содан болар деп ойладым. Система біткен соң бала ұйықтап қалды. Үйде де солай ұйықтады. Екі сағаттан кейін оянатын, бірақ олай болмады. Көзін ашып айта ұйықтап қалады, мазасыз болып жатты», - дейді әйел.

Ол қызын оятуға тырысқан. Еш оянбаған соң, дәрігердің тағайындауын тағы бір рет қарап шыққан. Сөйтіп педиатрға хабарласқан.

“Ол “дереу жедел жәрдем шақырыңыз” деді. Жедел жәрдем бізді Балалардың бірінші клиникалық ауруханасына алып кетті. Сол кезде күдігімнің рас екенін түсіндім. Әлгі медбике қызыма жасына арналған мөлшерден 10 есе көп, яғни 4 миллилитр препарат салған. Бізді ауруханада рениматолог дәрігері қарап, палатаға жатқызды. Ол мұндай ауыр дозадан баланың жағдайы күрт нашарлайтынын және соңы ауыр жағдайға алып келетінін айтты. Шүкір, біз аман қалдық”, – дейді ол.

Осыдан кейін күйеуі “Эмирмедке” барып, жағдайды анықтауға тырысқан. Алайда ол жердегілер нақты шешім не өтемақы жөнінде ештеңе ұсынбаған.  

«Кейіннен клиника өкілдері хабарласып, жағдайымызды сұраған кейіп танытты. Олар аурухана дәрігерлерінен балаға жақсылап қарауды сұрағанын айтты. Бірақ онсыз да жақсы қараған еді. Бұл жағдайды сот арқылы шешетінімізді айттым. Бірақ клиника өкілдері өздерін жауапты санамайтынын айтып, кінәні медбикелерге жабуға тырысты. Қызметкерлердің әрекеті үшін клиника жауап бермейді деді”, – деп жазады ол.

Алматылық әйел клиника қызметі мен ондағы дәрігерлердің біліктілігін тексеру қажет екенін айтады. Бұл жағдайдан кейін ол Е-Өтініш порталына арыз жазған. Сонымен қатар басқа аналарды барлық медицина қызметкерлеріне сене бермеуге, сұрап, талап етуге шақырды.

Ал ЭмирМед өкілі клиникада “Церукал” препаратына тыйым салынғанын мәлімдеді.

“Бізде қолдануға болмайтын препараттардың тізімі бар. Соның ішінде “Церукал” да бар. Бұл дәріні пациент өзімен бірге алып келсе де, қолдануға мүлде болмайды”, – деп жауап берді клиника өкілі.