Қоғам

«Шығын 583 миллион теңге»: Түркістан облысында ақша жымқыру бойынша бірқатар шенеунік сотталды

Түркістан облысында жарты миллионға жуық шығын келтірген шенеунікке қатысты сот үкімі шықты.

Түркістан облысында Бәйдібек аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, басшылар, бухгалтерлер және экономистерді қоса алғанда, 18 лауазымды тұлғадан құралған топ бюджет қаржысын иемдену схемасын ұйымдастырған. Олар ауданның 49 жалпы білім беретін мектебінде жалақы төлеуге және өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді жасанды түрде көбейту арқылы қаржы жымқырған.

Бухгалтерия қызметкерлері электрон есеп жүйелеріне жалған мәлімет енгізген. Төлем ведомостеріне іс жүзінде білім беру ұйымдарында жұмыс істемеген адамдар енгізілген немесе жалақы мен үстемақылардың сомасы әдейі асыра көрсетілген.

Операцияларға заңды сипат беру үшін қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп ведомостары мен жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттар пайдаланылған. Құжаттардың бір бөлігі төлемдер жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделіп немесе есептілікті сәйкестендіру мақсатында түзетілген.

Қаражат жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстары мен таныстарының банк шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлестер бойынша қатысушылар арасында бөлінген.

Келтірілген жалпы шығын 583 миллион теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген залалды толық өтеген.

Сот 14 адамды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды.

Үкім заңды күшіне енді.