«Киімдерін шешіп, жөргек кигізіп, қолын көтеріп тұрғызған»: Астанада мемлекеттік балабақша тәрбиешісі балаларға жаза қолданған
Астанада мемлекеттік балабақшада балаларды жазалағаны үшін жұмыстан кеткен тәрбиеші қайтадан қызметіне алынған.
Астанада мемлекеттік балабақшалардың бірінде балаларға психологиялық қысым көрсетілген. Бұл туралы баланың анасы Threads әлеуметтік желісінде бөлісті.
Айтуынша, тәрбиеші балаларды кемсіткен. Өйткені ұлы балабақшаға барғысы келмейтінін және ол жерде балаларды мазақ ететінін айтқан.
Кейін анықталғандай, тәрбиеші бүліршіндерге жөргек кигізіп, қолдарын жоғары көтертіп жазалаған. Бұл іс-әрекеті белгілі болған соң, ол жұмыстан шығарылған. Алайда біраз уақыттан кейін тәрбиеші қайтадан жұмысына оралыпты.
"Ол баланың сыртқы шалбары мен іш киімін шешіп, ақ жөргек кигізген де, қолын жоғары көтертіп, 3–5 минут солай тұрғызып қойған. Содан кейін дәл осылай кезек-кезек басқа "кінәлі" балаларды да кіргізіп отырған. Дәл сол топқа баратын басқа балалардан да сұрстырғанымда олар да осыны айтты. Әр бала жағдайдың егжей-тегжейін, бір-бірін атап, бір ғана әрекетті қайталап сипаттады", - деп жазды астаналық әйел.
Ата-аналар жиналып, балабақша меңгерушісіне барған. Сөйтіп бейнебақылау камерасынан тәрбиешінің балаларды қалай жазалайтынын өз көздерімен көрген. Бірақ жалпы ата-аналар жиналысында тәрбиеші айыптауларды жоққа шығарып, өзі тек "жатын бөлмеде баламен сөйлескенін" мәлімдеген.
Сонымен қатар, Альмира балабақша меңгерушісі алғашында жөргек қолданылғанын растағандай болғанын, алайда кейін бұл "майлықтар" екенін айта бастағанын да мәлімдеді.
"Сол кезде тәрбиешіні жақтап, балалармен жұмысын жалғастыруына мүмкіндік бергісі келетіні анық байқалды. Балаларды қорлайтын әрі психологиялық тұрғыда жарақат салатын жаза қолданатын адамның мемлекеттік балабақшада жұмысын жалғастыруы - жол беруге болмайтын жағдай. Бұл тәрбие емес, бұл - қиянат", - деді Астана тұрғыны.
Елордадағы білім басқармасы ата-аналардың өтінішінен кейін балабақшаға мониторинг тобы жіберілгенін хабарлады.
"Мониторинг нәтижесінде тәрбиешінің қайтадан жұмысқа қабылданғаны анықталды. Бұл заңбұзушылықтарға байланысты балабақша басшысына тәртіптік жаза ретінде сөгіс жарияланды. Тәрбиеші қызметінен босатылды", - деді ведомство.
Білім басқармасы бейнежазбаларда тәрбиешінің балаларға дене күшін қолданғанына дәлел жоқ екенін қосты.