Қоғам

Түркістан облысында бір жыл бұрын салынған әкімдік ғимараты қирап жатыр

Жобаның құны 193 миллион теңге болған әкімдік ғимараты қирап жатыр.

Түркістан облысында бір жыл бұрын салынған Сайрам ауданындағы Жібек жолы ауылдық округі әкімдігінің ғимараты қирап жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Аудан әкімінің сөзінше, бұл жаңа ғимарат, онда бірқатар кемшілік анықтаған.

Нысанның жағдайы көңіл көншітпейді. Бұл мәселе бойынша мердігер мекемеге нақты тапсырма берілген. 

Ашық дереккөздегі мәлімет бойынша, жобаның құны 193 миллион теңге болған.

Әкімдік мәліметінше, Түркістан облысы Сайрам ауданы Жібек Жолы ауылдық округі әкімі аппаратының әкімшілік ғимаратының құрылысы» нысаны 2024–2025 жылдары аралығында салынған. 

Нысанды зерделеу барысында қабырғаларда жарықтар мен ойықтардың пайда болуы, сондай-ақ ішкі қабырғалардың шөгу фактілері анықталды. Аталған кемшіліктерге байланысты бөлім тарапынан 2026 жылғы 13 ақпанда хат жолданып, мердігер ұйымға анықталған ақауларды жою және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы ресми талап қойылған. 

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айына дейін нысанды толық ретке келтіру жөнінде мердігер мекемеден кепілдеме алыныпты. Бөлім қызметкерлері тарапынан нысанға қосымша зерделеу жүргізіліп, тиісті акт жасақталған.

Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктерді жоюды қамтамасыз ету және мердігер ұйымды шарттық міндеттемелерін орындауға міндеттеу бағытында қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдануда.