Қоғам

«Қыз емессің бе? Бір жерің түсіп қала ма?: Түркістанда студенттерді ұлдардың бөлмесі мен дәретханасын жинауға мәжбүрлеген

Студент қыздарға ер балалардың жатақханасын жинатпақ болған.

Түркістан облысында колледжде оқитын студент қыздарға жатақхана әкімшілігі ер балалардың бөлмесін тазалауға мәжбүрлеген. Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарап кетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Студент қыздардың айтуынша, оларды ер балалардың бөлмелерін тазалауға, соның ішінде еден жуып, дәретхананы тазартуға мәжбүрлейді. Бас тартқан жағдайда, жатақханадан шығаратындарын айтып және душты өшіріп тастаймыз деп қорқытқан.

Бейнежазбадан студент қыздар мен жатақхана қызметкерлерінің арасындағы кикілжіңді байқауға болады. Қыздар ер балалардың бөлмелерін тазалаудан бас тартқан.

"Ертең бізге жатақхананың ашылуына комиссия келеді. Балалардың жатуына рұқсат беру мәселесі бойынша тексеріс болады. Соған дайындалып жатырмыз. Ал сен бәрін дүрліктіріп, шу шығарасың. Бір бөлмені тазаласаң, сен қыз емессің бе? Әлде бір жерің түсіп қала ма?" – дейді ол.

"Апай, мен өз бөлмемді тазаламаймын деген жоқпын. Өзімдікін тазалаймын. Бірақ ұлдардың бөлмесін мүлде тазаламаймын", – дейді студент қыз.

Аталған жағдайға Түркістан облысының білім басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, оқиға бақылауға алынған, арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жүргізілген.

Басқарма дерегінше, колледжде 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханада тұрады. 2026 жылғы 23–25 ақпан аралығында өткен облыстық спартакиадаға байланысты қатысушыларды жатақханаға уақытша орналастыру қажеттілігі туындаған. Осыған орай тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерден бос бөлмелерді ретке келтіруге ауызша көмек сұраған. Сол сәтте жігіт студенттер болмаған соң, қыздарға айтқан.

Нәтижесінде, басқарма мәліметінше, жекелеген білім алушылар арасында түсінбеушілік орын алған.

«Қазіргі уақытта студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Білім басқармасы білім алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Ішкі бақылауды күшейту және мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылданды», — делінген Түркістан облысы білім басқармасының хабарламасында.

Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданады.