Студент қыздарды ерлердің әжетханасын жинауға мәжбүрлегендер жазаланды
Комитет кәмелетке толмағандарды жұмысқа мәжбүрлеу, әсіресе оларға қысым көрсету бала құқығын бұзу болып табылатынын айтады.
Түркістандағы көпсалалы индустриалды-техникалық колледж жатақханасының коменданттарына сөгіс жарияланды. Бұл туралы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлім етті.
Желіде тараған бейнежазбадағы фактілерді Түркістан облыстық білім басқармасы тексереді. Арнайы комиссия жатақханаға барып, жағдайды анықтайтын болады. Комитет кәмелетке толмағандарды жұмысқа мәжбүрлеу, әсіресе оларға қысым көрсету бала құқығын бұзу болып табылатынын түсіндірді. Барлық жауапты тұлғаларға қазірдің өзінде сөгіс жарияланды, - делінген комитеттің хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Түркістанда студент қыздарды ерлер бөлмесі мен әжетханасын жинауға мәжбүрлеуге қатысты шу шыққан болатын.
Студенттердің айтуынша, оларды ерлер бөлмелерін жинауға, еден жуу мен әжетханаларды тазалауға мәжбүрлеген.
Қыздардың сөзіне қарағанда, егер олар бұл жұмыстан бас тартса, оларды жатақханадан шығарып жібереміз және душты өшіріп тастаймыз деп қорқытқан.