Қоғам

«Аяз болады»: Қазақстанның 14 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

24 ақпан еліміздің бірнеше өңірінде қар жауып, көктайғақ болады.

Синоптиктер 24 ақпанға арналған ауа райы болжамын жасады. Қазақстанның 14 өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Болжауынша, бірқатар облыстарда қар, бұрқасын, көктайғақ, тұман және екпінді жел күтіледі. Кей өңірлерде ауа температурасы күрт төмендейді.

Жетісу облысының шығысы мен таулы аудандарында түнде тұман түседі.

Түркістан облысының оңтүстігінде, орталығында және таулы аймақтарында түнде және күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Батысы, солтүстігі және таулы аудандарында тұман күтіледі. Шымкентте таңертең және күндіз жаңбыр жауып, кей уақытта тұман түседі.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі.

Ұлытау облысында солтүстік-шығыстан және шығыстан жел соғады.

Қарағанды облысының шығысында түнде аздап қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді.

Абай облысының солтүстігі, шығысы және орталығында түнде және таңертең қар жауып, бұрқасын соғады. Оңтүстігінде тұман күтіледі. Семейде 24 ақпанда түнде ауа температурасы 24-26 градус аязға дейін төмендеп, түннің бірінші жартысында қар мен бұрқасын болжанады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде түнде, ал күндіз солтүстігі мен шығысында қар жауып, бұрқасын жүреді. Оңтүстігінде тұман түседі. Өскеменде түнде ауа температурасы 21-23 градус аяз болады, қар мен бұрқасын күтіледі.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жаяу бұрқасын соғады. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігі мен шығысында тұман түседі.

Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман күтіледі. Оралда түнде және таңертең тұман болады.

Қостанай облысының батысы, солтүстігі және шығысында тұман болжанады. Қостанай қаласында да тұман күтіледі.

Жамбыл облысының оңтүстік-батысы, шығысы және таулы аудандарында көктайғақ пен тұман болады.

Маңғыстау облысының батысы, солтүстік-шығысы және орталығында тұман мен көктайғақ күтіледі. Ақтауда түнде және таңертең жолдар тайғақ болуы мүмкін.

Алматы облысының таулы аудандарында күндіз кей уақытта қатты қар жауады. Оңтүстігі мен таулы өңірлерінде тұман мен көктайғақ күтіледі.

Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақ болуға шақырады.