8-наурыз Халықаралық әйелдер күні: Ұлытау облысында көпбалалы аналарға 20 мың теңге беріледі
Ұлытау облысында көпбалалы аналардың 8 наурызға байланысты әкімдіктен қанша алатыны белгілі болды
Ұлытау облысында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көпбалалы аналарға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл Ұлытау облыстық мәслихатының шешімімен бекітілген.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде төлем беріледі.
Бүгінде өңір бойынша аталған санатқа жататын аналардың саны 9 375-ті құрайды. Бұл мақсатқа жалпы 187 500 000 теңге бағытталып отыр.
«Қазіргі таңда Ұлытау облысында әйелдер мен қыз-келіншектер саны 110 928 адамды құрайды, бұл – облыс халқының 50,7 пайызы. Аналарды қолдау мен олардың қоғамдағы рөлін арттыру – өңір әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі», – делінген әкімдік хабарламасында.