Басты жаңалықтар

«20 миллион және пәтер алып беруге уәде еткен»: БҚО-да қыз зорлады деген шенеунікке қатысты дерек шықты

Шенеунік зорлады деген қыздың әкесі оқиғаға қатысты барлық шындықты айтты.

БҚО-да Шыңғырлау ауданында кәмелетке толмаған қызға зорлық көрсетті деген күдікке ілінген бұрынғы шенеуніктің ісіне қатысты қыздың әкесі пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы «Орал апталығы» басылымына сұхбат берген. Қыздың әкесі қаңтар айының басында тәртіп сақшылары отбасына қатты қысым жасағанын айтқан.

Оның сөзінше полиция қызметкерлері әйелі мен қызын жеке бөлмеге апарып, арыздан бас тартуға үгіттеген. Ер адам бұл жағдайды кейін білгенін және істі сотқа дейін жеткізуге бекінгенін алға тартты.

Айтуынша, шенеунік алғаш ұсталған кезде мас күйде болып қылмысын толық мойындаған. Алайда екі күннен кейін адвокат жалдап қыздың жасын 20-да деп ойлағанын және барлығы өзара келісіммен болғанын айтып жауабын өзгерткен.

Сонымен қатар қыздың әкесі шенеуніктің әйелі үйіне келіп кешірім сұрағанын және ақша ұсынғанын жеткізді. Одан бөлек шенеуніктің Астанадағы бауырлары 10 немесе 20 миллион теңге көлемінде қаражат беруге немесе пәтер алып беруге уәде еткен. Алайда ол бұл ұсыныстардың барлығынан бас тартып, мұндай қадам қызының болашағына кері әсер ететінін түсіндірді. Бұдан бөлек оқу орнының өкілдері келіп қызды есепке алмақ болған, бірақ оқиғаның күндіз болғанын білген соң бұл ниеттерінен қайтқан.

«Мен полицияға жазған арызымнан бас тартқан жоқпын, үйде өсіп келе жатқан тағы бір қызым бар, егер бұл іс жазасыз қалса оның көзіне қалай қараймын», – деді қыздың әкесі.

Қыздың әкесі осы шенеуніктің құрбаны болған тағы бір кәмелетке толмаған қыздың бар екенін де айтты. Оның мәліметінше шенеунік желтоқсан айында жас жігіттің атынан хат жазып, екінші қызды да алдап үйіне апарып зорлаған. Бірақ ол отбасы қысым мен қорқытудан қаймығып полицияға шағым түсіруден бас тартқан көрінеді.