Қоғам

Елімізде мұғалімдерді өз ісіне қатысы жоқ жұмысқа жеккені үшін айыппұл төлемек

Ендігіде мұғалімдерге қосымша жұмыс істеткендер айыппұл арқалайды.

Енді мұғалімдерді өз жұмысына мүлде қатысы жоқ іске жеккені үшін мекеме айыппұл төлеуі мүмкін, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Мәжілісте педагог мәртебесі мен білім беру саласындағы ережелерге қатысты екі заң жобасы талқыланды. Заң жобалары мектеп директорлары мен білім беру ұйымдары басшыларына арналған. Бұл жерде көрсетілген талаптарды бұзғаны үшін айыппұл енгізілмек.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бірнеше негізгі ұсынысты атады:

  • Біріншіден, мұғалімдердің балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты жауапкершілігін тек оқу процесі уақытымен шектеу ұсынылады. Сабақтан тыс уақытта және демалыс кезінде балалар үшін жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі;
  • Екіншіден, мұғалімдерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ іс-шараларға тартуға тыйым салу ұсынылып отыр. Мұндай талапты бұзғандарға айыппұл салу көзделген;
  • Үшіншіден, есептілікті бір уақытта қағаз және электронды форматта жүргізуге тыйым салынбақ. Есеп тек бір форматта қабылдануы тиіс.
  • Төртіншіден, педагогтарды өз жұмысының нәтижесін әлеуметтік желілерде жариялауға мәжбүрлеуге жол берілмейді.

“Педагог мәртебесі туралы” заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер мұғалімдер үшін түсінікті ережелер қалыптастыруға және артық жүктемені азайтуға бағытталған.