Құқық қорғау органдарының мәліметінше, интернет-алаяқтар мереке күндері “гүл жеткіземіз” немесе “сыйлық ұтып алдыңыз” деп хабарласуы мүмкін. Тіпті алаяқтар түрлі сылтаумен телефонға келген SMS-кодты айтуды сұрайды.
“Көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз жақындап қалды. Бұл – аналарымызға, әпке-сіңлілерімізге, қыздарымызға және барша әйел қауымына құрмет пен алғыс білдіретін ерекше күн. Алайда дәл осы мереке қарсаңында интернет-алаяқтар да белсенді болады. Мереке қарсаңында алаяқтар қоңырау шалып немесе “сізге гүл жеткізіледі”, “курьерге SMS-кодты айтыңыз”, “cіз сыйлық ұтып алдыңыз” деп хабарлама жібереді. Одан кейін телефонға келген растау кодын сұрайды”, – деп хабарлады Абай облысы полиция департаменті.
Сондай-ақ, алаяқтар жалған парақшалар ашып, тауарларды төмен бағада қоюы мүмкін.
“Алаяқтар әлеуметтік желілерде жалған парақшалар ашып, тауарларды төмен бағамен ұсынады, алдын ала төлем алып, кейін ізін суытады”, – деп ескертті полиция.
Полиция тұрғындарға тауарды тек сенімді сатушылардан тапсырыс беруге, толық алдын ала төлем жасаудан бас тартуға және банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге кірмеуге, жеке деректерді айтпауға, “тегін сыйлықтар” және белгісіз шоттарға ақша аудармауға шақырады.



