Қоғам

Қызылордада оқушыны секс-құлдықта ұстаған: клиенттер туралы мәлімет айтылды

ІІМ орынбасары Қызылордада секс-құлдықта болған оқушының ісі бойынша тергеу барысын айтты.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қызылордадағы мектеп оқушысының жыныстық құлдыққа тартылуы ісі бойынша тергеу барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Мәжілістегі брифингте журналистер Әділовтен кәмелетке толмаған қызды жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген іс бойынша оның «клиенттері» қалай жазаланғанын сұрады.

«Зорлық-зомбылық құрбанына қатысты тергеу, өздеріңіз білетіндей, бірнеше бап бойынша аяқталды. Кінәлі тұлғалар сотталды. Сот шешіміне түсініктеме беруге құқығым жоқ. Жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түскен тұлғаларға қатысты іс материалдары бөлек өндіріске шығарылды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тек жауап алу ғана емес, өзге де тергеу амалдарын жүргізу қажет, сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді Санжар Адилов.

Оның айтуынша, полиция жәбірленушімен байланыста. Ол нақты есімдерді жариялау-жарияламауды өзі шешуге құқылы.

Министрдің орынбасары өзге ақпаратты жария етпеді. Ол Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға жол берілмейтінін айтты.