Енді мұғалімдер жұмыс уақытынан тыс WhatsApp-қа жауап беруге міндетті болмайды
Енді елімізде мұғалімдер жұмыс уақытынан тыс WhatsApp-қа жауап беруге міндетті емес,-деп хабарлайды Kyn.kz тілшісі.
Қазақстанда педагогтердің құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, құжатта мұғалімдердің жұмыс жүктемесін нақты шектеуге және олардың кәсіби мәртебесін сақтауға арналған бірқатар маңызды нормалар ұсынылған.
Атап айтқанда, енді педагогтерге жұмыс уақытынан тыс қосымша тапсырмалар жүктеу, мессенджерлердегі хабарламаларға жедел жауап беруді талап ету немесе әлеуметтік желілерге бейнеролик түсіруге міндеттеу заңмен тыйым салынуы мүмкін. Мұндай талаптар педагог мәртебесін бұзу ретінде бағаланып, әкімшілік жауапкершілікке әкелуі ықтимал.
Депутаттың сөзінше, мұғалім ең алдымен сапалы білім беруге жауапты. Ал оның кәсіби міндетіне қатысы жоқ артық жүктемелер білім беру процесінің тиімділігіне кері әсер етеді.
Қазіргі уақытта заң жобасы Мәжіліс пен Сенатта қаралуда. Құжат Парламент палаталарында мақұлданып, Президент қол қойғаннан кейін ғана күшіне енеді.