Қоғам

Қыста киіктердің бір бөлігі табиғи жолмен қырылады - Экология министрлігі

Министрлік мәліметінше, қыс мезгілінде жекелеген аумақтарда киіктердің қырылуы және олардың уақытша елді мекендерге жақындауы – табиғи құбылыс.

Әлеуметтік желіде қыста киіктердің елді мекендерге кірген сәттері түсірілген видеолар таралуда. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі ресми түсініктеме берді.

Министрлік мәліметінше, қыс мезгілінде жекелеген аумақтарда киіктердің қырылуы және олардың уақытша елді мекендерге жақындауы – табиғи құбылыс. Бұл көбіне ауа райының қолайсыздығына және жем-шөптің тапшылығына байланысты.

Қазақстандық биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренконің айтуынша, киіктер үшін ең қауіпті кезең – жұт.

Оның сөзінше, қолайлы қыс жағдайында аталық киіктердің 5–10%-ы қырылады. Ал қатал қыс кезінде бұл көрсеткіш 50–70%-ға дейін жетуі мүмкін. Популяция саны шамамен 2 млн басқа жетіп, аталықтардың үлесі 20% болған жағдайда, қыс басында олардың саны 400 мыңдай болады. Демек, тіпті қолайлы қыстың өзінде 20–40 мың аталық киіктің табиғи өлімі тіркелуі ықтимал.

Министрлік қысқы кезеңде далада киіктердің белгілі бір бөлігінің қырылуы табиғи реттелу процесіне жататынын атап өтті.