Михаил Шайдоров Президентке және қазақстандықтарға алғыс айтты
Михаил Шайдоров Президентке және қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты,-деп хабарлайды Kyn.kz.
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бұл кездесуге Олимпиада чемпионы ретінде қатысу – мен үшін зор мәртебе. Алтын медаль – менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мен үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Бұл – аянбай еңбек етсең, жақын жандардың махаббаты мен сенімі болса, армандардың орындалатынын дәлелдейді, – деді спортшы.
Шайдоров Президенттің қолдауы спортшыларға жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Рахмет Сізге! Сүйікті Отаныма, Қазақстаныма қызмет етемін, – деді ол.
Кездесу барысында ел спортының дамуы мен халықаралық аренадағы жетістіктері сөз болды.