Басты жаңалықтар

Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс: апелляциялық сот шешім шығарды

Апелляциялық сот бірінші сатыда тағайындалған 14 жылдық бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды.

Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот шешім шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Жәбірленуші тарап айыпталушы Айбар Жанболаттың әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қайта саралауды талап етті. Ал қорғаушы тарап керісінше жазаны жеңілдетуді сұраған.

"Менің қорғаудағы азаматымның әрекеттерін жеңілірек бапқа, қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөліміне қайта саралап, жаза тағайындауды сұраймын. Айыпталушының адам өлтіру ниеті болмағандықтан, өлім абайсызда орын алған", – деді адвокат Жанат Сарқытов.

Сот алқасы істің материалдары Қылмыстық кодекстің 99-бабына толық сәйкес келетінін жеткізді.

Сот бұл бап бойынша 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделетінін ескерді. Айыпталушының бұрын сотты болмағаны назарға алынғанымен, тағайындалған 14 жылдық жаза өзгеріссіз қалдырылды. Сонымен қатар жәбірленуші тарапқа моральдық шығын өндіру туралы шешім де сол күйінде сақталды.

Еске салсақ, оқиға 2025 жылғы маусымда Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында болған. Айзат Жұманованың қаза табуына байланысты күдікке ілінген күйеуі Айбар Жанболат ұсталып, қамауға алынған. Марқұмның туыстары оның 2 жасар қызының көзінше соққыға жығылып, кейін далаға шығарылып, атқа байланып сүйрелгенін мәлімдеген.

2026 жылғы қаңтарда Талдықорған қалалық соты Айбар Жанболатты кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.