Қоғам

Маңғыстау мұнайшылары жаңа Конституцияны қолдайды

Маңғыстау облысындағы ірі мұнай өндіруші кәсіпорындардың еңбек ұжымдары еліміздің жаңа Конституциясына қолдау білдірді.

Бұл туралы өңірдегі «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, сондай-ақ «Oil Services Company» ЖШС және «Dunga Operating» компанияларының өкілдері мәлімдеді.

Аталған кәсіпорындарда күн сайын мұнай мен газ өндірудің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, еліміздің мұнай-газ саласының дамуына және экономиканың нығаюына елеулі үлес қосып жүрген ондаған мың жұмысшы еңбек етеді. Ұжымдардың үйлесімді жұмысы тек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де тікелей септігін тигізіп отыр.

Еңбек ұжымдары жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістердің маңыздылығын және олардың республиканың алдағы дамуы үшін стратегиялық мәні бар екенін атап өтті.

«Біз еліміздің болашағы, тұрақтылық, бірлік, заң мен тәртіп үшін дауыс береміз. Мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамды дамытуға және әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Маңғыстау облысының мұнай кәсіпорындарының ұжымдары жаңа Конституцияны қолдай отырып, баршаны азаматтық ұстанымын танытуға және алдағы референдумда дауыс беруге шақырады», деп атап өтті кәсіпорын өкілдері.

Мұнай-газ саласының қызметкерлері жаңа Конституцияның қабылдануы тұрақты экономикалық өсудің, әлеуметтік әділдіктің және мемлекет тәуелсіздігін нығайтудың берік негізі болатынына сенімді.