Щучинсктегі кафеде жарылыс болып, жеті адам қаза тапты
Щучинскіде кафеде болған жарылыстан 7 адам қаза тауып, 20-ға жуығы жарақат алды.
Щучинск қаласында кафеде жарылыс болып, жеті адам қаза тапты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, хабарлама түскеннен кейін 5 минут ішінде құтқару күштері оқиға орнына жеткен. Өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан 8 газ баллонын сыртқа шығарып, 10-нан астам адамды құтқарған. Барлығы 26 адам зардап шеккен, соның ішінде 7 адам қаза тапқан (оның бірі - 16 жастағы қыз).
Оқиға орнында облыстық ТЖД басшылығы, облыс әкімінің орынбасары, өрт сөндіру бөлімшелері, құтқару жасақтары, медициналық қызмет, полиция және газ-техникалық инспекция жұмыс істеп жатыр. Санитарлық авиация мен ТЖМ реанимобильдері дайындыққа келтірілген.
Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілген. Құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жалғастыруда. Оқиғаның нақты себептері анықталуда.
Еске салайық, 26 ақпанда кешкі уақытта бес қабатты тұрғын үйге жалғасқан бір қабатты кафеде "газ-ауа қоспасынан жарылыс болып, кейіннен өрт шыққаны" тіркелген. Сол кезде алты адам қаза тауып, 20-ға жуық адам зардап шеккені хабарланды.