Қоғам

Атыраудағы бір отбасының жоғалуы: Индонезия полициясы «күйеубаланың» ұсталған сәтіндегі суретін жариялады

Индонезия полициясы ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікті «күйеубаланың» ұсталған сәтін көрсетті.

Индонезия полициясы Атырау облысының Жангелдин ауылында ата-енесін өлтірді деген Сұлтан Сәрсемәлиевтің суретін таратып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ertenmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ол Ломбок аралының солтүстігіндегі Сенару ауылындағы қонақүйден ұсталған.

Солтүстік Ломбок полициясының бастығы Агус Пурвантаның айтуынша, арнайы операция Интерполдың «қызыл бюллетені» және Атырау қалалық сотының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы негізінде жүргізілген екен.

«Интерполдан келген ресми хабарламада оқиғаның мән-жайын естіп жағамызды ұстадық. Біздің міндетіміз Индонезияның халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлер паналайтын елге айналуына жол бермеу», – депті жергілікті БАҚ-қа пікір білдірген полиция басшысы.

Арнайы операция 24 ақпанда өткен екен. Қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы И.Команг Виландра күдіктінің Сенару ауылында жүргенін біліп қойып, жедел құрықтау шарасына кіріскен. Құқық қорғаушылар қонақүйге сау етіп кіріп келгенде, Сәрсемәлиев қашуға әрекет қылыпты, алайда алысқа бара алмаған.

«Жедел топтың қырағылығы арқасында күдікті еш қарсылықсыз әрі тұрғындарға залал келтірмей қолға түсті», – дейді Виландра.

Сонымен бірге, оқиға орнында Қазақстанның тағы бір азаматы 30 жастағы әйел де ұсталған. Бұған дейін ұсталған келіншектің қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы Ақбаян Мұқанғалиева екенін жазған болатынбыз.

Тергеушілер ұсталғандардың жеке куәлігін, паспортын, халықаралық банк карталарын және ұялы телефонын тәркілеген.

«Алдағы уақытта оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі Индонезияның Әділет министрлігімен, ұлттық полицияның халықаралық істер бөлімімен және өзге де тиісті ведомстволармен бірлесіп шешіледі.Барлық іс-шара ұлттық заңнама мен халықаралық келісімдер шеңберінде өтеді. Қазір Сәрсемәлиев Солтүстік Ломбок полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында», — деп мәлімдеді осы тұста жергілікті ақпарат құралдары.