Енді жазасын өтеп жүргендерге смартфон қолдануға рұқсат берілуі мүмкін
Жазасын өтеп жүргендерге смартфон қолдануға рұқсат берілуі мүмкін,-деп хабарлайды Kyn.kz.
Жабық мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға түзеу мекемесінен тыс жерде смартфон пайдалануға рұқсат беру ұсынылды. Тиісті бұйрық жобасын Ішкі істер министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялап, қоғамдық талқылауға шығарды.
Құжат тек ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелерге қатысты. Бұл санатта абайсызда қылмыс жасағандар және ауырлығы жеңіл құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған азаматтар жазасын өтейді.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес:
сотталғандарға мекемеден тыс жерде смартфон қолдануға мүмкіндік беру;
үшінші оң мінез-құлық дәрежесі бар азаматтарға «тыныш сағат» енгізу;
сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін терминалдар арқылы кездесуге жазылу және қалаға шығуға өтініш беру тетігін қарастыру көзделген.
Бұйрық жобасы 11 наурызға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелерде ұстау шарттары жеңілдетілген: сотталғандарға азаматтық киім киюге, отбасымен бірге тұруға және мекемеден тыс жерде еңбек етуге рұқсат беріледі.
Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Мәжіліс депутаттары алқабилер сотына сотталғандарды мерзімінен бұрын босату құқығын беру туралы заң жобасын ұсынған болатын. Бұл өзгерістерді бірқатар өңірде пилоттық режимде енгізу жоспарланған.