Қоғам

Щучинскдегі кафеде болған жарылыс: зардап шеккен 4 адамның жағдайы белгілі болды

Щучинскдегі кафеде болған жарылыстан зардап шеккен 4 адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Щучинскдегі кафеде болған жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің мәліметінше, 26 ақпанда сағат 22:01-де Щучинск қаласындағы Бурабай аудандық ауруханасына "Центр плова" кафесінен газ-ауа қоспасының жарылысы туралы шақырту түскен.

Қазіргі уақытта Бурабай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жағдайы ауыр және аса ауыр хәлдегі 4 науқас жатыр, 3 науқас травматология бөлімінде, 8 адам амбулаториялық ем қабылдауда. 6 науқас Көкшетау қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханаға эвакуацияланған.

Еске салсақ, кеше түнде Щучинск қаласында бір қабатты кафеде жарылыс болып, өрт шықты. Оқиға салдарынан шамамен 20 адам зардап шегіп, 7 адам қаза тапты. Марқұмдардың бірі кәмелет жасына толмаған.