Қоғам

«Кейбірі шашсыз қалған, жалаңаяқ жүгіріп шыққан»: куәгер Щучинскідегі жарылыстың қалай болғанын айтып берді

Кәугерлер Щучинсктегі жарылыс сәті туралы жантүршігерлік жағдайлар туралы айтты.

Щучинскідегі кафеде болған жарылысты көрген куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Адамдар сыртқа жүгіріп шығып, денелеріндегі өртті сөндіру үшін қарға аунаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Куәгер Әлібектің сөзінше, алдымен қатты жарылыс естіліп, артынша дәмхана ғимаратын өрт шарпыған.

«Ішінде туыстарым отырған. Дәмханада отырған едік. Кенет қатты жарылыс болды, терезелер сықырлап кетті. Біз жүгіріп сыртқа шықтық. Барлығы өте тез, бір секундтың ішінде от лап етіп, жайылып кетті», — деді ол.

Жарылыс салдарынан Әлібек досынан айырылған қалған. Ол дәмханаға ас ішуге келген екен. Өртенген кафенің ішінен шыға алмай қалып қойған. Тәтесі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Әйелдің денесінің 80 пайызы күйіп қалған, қазір Көкшетау қаласындағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Іште болған адамдар ауыр күйікпен сыртқа жүгіріп шығып, денелеріндегі отты сөндіруге тырысқан.

«Адамдар сыртқа жүгіріп шықты, бәрінің денесі күйген. Аспаздарды, қызметкерлерді қарға аунап, сөндіріп, сыртқа алып шықты. Өтіп бара жатқан адамдар да жүгіріп келді, мен де көмектестім. Тәтемді алып шыққанын көрдім — денесі қатты күйіп кеткен еді. Барлығы қан-жоса, күйген. Кейбірі шашсыз шықты. Күрткелерін тастап, жалаңаяқ жүгіріп шыққандар болды. Өте қорқынышты болды», — деді Әлібек.

Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша, себеп газдың шығуы болуы мүмкін.