Бас прокуратура «Эпштейн файлдары» бойынша тексеріс бастады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:29
- 23
Қазақстанның Бас прокуратурасы «Эпштейн файлдары» бойынша тексеріс бастады. Бұл туралы Берік Асылов Ақорда кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
25 ақпанда Мәжіліс отырысы барысында депутат Асхат Рахимжанов Бас прокурор мен ҰҚК төрағасының атына сауал жолдап, қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстары туралы ақпаратты тексеруді сұраған болатын.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, ведомство жарияланған материалдарды зерделеп, деректерді тексеріп жатыр.
«Әрине, бұл маңызды мәселе. Депутат енді ғана сауал жолдады, бірақ бұл мәселені бүкіл әлем талқылап жатыр. Сондықтан біз, құқық қорғау органдары ретінде, осы бағытта фактілерді — болған-болмағанын — тексеріп жатырмыз», — деді ол.
Асылов нақты есімдерді атаған жоқ. Алайда Кәрім Мәсімовке қатысты нақтылау сұрағына жауап бере отырып, алдын ала тексеріс басталғанын растады.
«Алдын ала тексеріс басталды. Депутат Эпштейн Қазақстанға келген бе, жоқ па деген сұрақ қойып отыр. Осы бағытта тексеріс жүріп жатыр. Ал Келімбетовтің өзі шетелге шыққан-шықпағаны қосымша тексеріледі», — деді ол.


