Ипотеканы зейнетақы жинағымен төлеу бойынша "Отбасы Банк" өтініш қабылдауды қайта бастады
“Отбасы Банк” ипотеканы зейнетақы қаражатымен төлеу бойынша өтініштерді қайта қабылдайды.
“Отбасы Банк” тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану бойынша өтініштер қабылдайды, деп хабарлайды
Мәліметке сәйкес, өтінімдер 2 наурыз, дүйсенбіден бастап қайта қабылданады.
Банк мәліметінше, бұл шешім қашықтан қызмет көрсету жүйелерін, мобильді қосымша мен otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетті жаңа талаптарға сәйкестендіру қажеттілігіне байланысты қабылданған. Қаңтар айының соңында Отбасы Банк біржолғы зейнетақы төлемдерін қарызды ішінара немесе толық өтеуге пайдалану бойынша өтініш қабылдауды уақытша тоқтатқан еді.
"Енді зейнетақы жинағындағы артық қаражатты несие бойынша ішінара немесе мерзімінен бұрын толық өтеу кезінде тек негізгі қарызды жабуға ғана пайдалануға болады. Бұрын "берешек" ұғымына кіретін ай сайынғы төлемді біржолғы зейнетақы төлемі есебінен толық өтеу мүмкін болмайды. Несие бойынша пайыздар мен ай сайынғы төлем құрамына кіретін өзге де ілеспе төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс", - деп түсіндірді Отбасы банк.
Осы өзгерістерге байланысты Отбасы банктегі қарызды ішінара және толық өтеу тетігі жаңартылып, соның салдарынан өтінім қабылдау уақытша тоқтатылған.
"Алдағы уақытта бұл операция екі бөліктен тұрады: алдымен несие бойынша сыйақы мен өзге де ілеспе төлемдер қарыз алушының жеке қаражаты есебінен төленеді, содан кейін негізгі қарыз зейнетақы жинағындағы артық қаражат есебінен өтеледі. Ол үшін Отбасы банктегі ағымдағы және арнайы шотта қаражаттың болуын алдын ала қарастыру қажет", - деп хабарлады Отбасы банк.