“Шенеунік”: БҚО-да кәмелетке толмаған қызға зорлық көрсеткен ер адам ұсталды
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәмелетке толмаған қызға қатысты қылмыс жасады деген күдікпен бұрынғы мемлекеттік қызметкердің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәмелетке толмаған қызға қатысты қылмыс жасады деген күдікпен бұрынғы мемлекеттік қызметкердің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
Орал қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады. Бұған дейін, 2 қаңтарда, қыздың әкесі ер адамның оның кәмелетке толмаған қызын алдап үйіне апарып, зорлық көрсеткені жөнінде арыз жазған. Арыздан кейін күдікті ұсталғанымен, кейін босатылған болатын.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын бастаған. Тексеру барысында хат алмасулар мен өзге де маңызды айғақтар анықталғаны айтылды. Тергеу мәліметінше, жасөспірімге күш қолдану дерегі нақтыланбаған. Қыз бен оның анасы қарым-қатынас өзара келісім негізінде болғанын мәлімдеп, күдіктіге шағымдары жоқ екенін жеткізген.
Сонымен қатар, айыпталушының аудандық әкімдікте жұмыс істегені және арыздан кейін қызметінен босатылғаны белгілі болды. Кейін қыздың әкесі істі қайта қарауды талап етіп, кінәлі тұлғаның қатаң жазалануын сұрап тағы да мәлімдеме жасаған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тергеу қайта жандандырылғанын хабарлады.