Қоғам

Әуежайда «бомба» деп әзілдеген «Қайрат» клубының дәрігері жауапқа тартылды

Әуежайда «бомба бар» деп әзілдеген «Қайрат» клубының дәрігері жауапқа тартылды,-деп хабарлайды Kyn.kz.

28 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы аумағында «Астана – Алматы» рейсіне тіркелу кезінде жолаушылардың бірі сөмкесінде бомба бар екенін мәлімдеген.

Оқиға орнына полиция, саперлар мен кинологтар шақырылып, жолаушының жүгін тексерді. Нәтижесінде жарылғыш зат табылған жоқ.

Кейін анықталғандай, бұл мәлімдемені жасаған – алматылық Қайрат футбол клубының дәрігері Дастан Тұралиев. Ол өз әрекетін «әзіл» деп түсіндірген.

Алайда әуе қауіпсіздігі талаптарына сәйкес мұндай әрекет ауыр құқықбұзушылық болып саналады. Дәрігерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.

Сол күні Астанада өткен Суперкубок кездесуінде Тобыл командасы Қайрат клубын жеңген еді. Оқиғаның бұл матчпен байланысы ресми түрде расталған жоқ.