Қоғам

Астанада 29 миллион теңге жымқырған мектеп директоры мен бухгалтер сотталды

Ақша жымқыру ісі бойынша күдікке ілінген мектеп директоры мен бухгалтерге сот үкімі шықты.

Мектеп директоры мен бас есепшісі қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, 29 миллион теңге көлемінде қаражатты иемденіп, ұрлық жасаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып, үкім шықты.

Сот мәліметінше, мектеп директоры бас бухгалтермен бірлесіп 2015 жылғы қазаннан 2024 жылғы тамызға дейін мекемеде іс жүзінде жұмыс істемеген алты еден жуушыны негізсіз табельге енгізіп отырған. Нәтижесінде шамамен 29 миллион теңге көлемінде қаражатты иемденіп, ұрлық жасаған.

Мектеп директоры 2015–2024 жылдар аралығында заңсыз шешім қабылдап, 501 білім алушыға білім беру қызметтерінің ақысына жалпы сомасы 183 миллион теңге көлемінде жеңілдіктер беру туралы бұйрық шығарған. Мектеп жарғысына сәйкес мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған, себебі оқу ақылы негізде жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 мамырға дейін мектеп директоры мен бас бухгалтері мектеп жанынан "0" сыныптарды ұйымдастырып, ата-аналардан ақылы қызметтер үшін қолма-қол ақшаны бақылау-касса аппаратын қолданбай қабылдаған. Түскен қаражат мектептің есепшотына енгізілмей, бухгалтерлік есепте көрсетілмеген. Нәтижесінде 305 миллион теңге көлемінде қаражатты иемденіп, жұмсаған.

" 2021–2024 жылдары мектеп директоры жазғы лагерь қызметтері үшін алынып, есепте көрсетілмеген, аса ірі мөлшердегі 25 миллион теңге қаражатты иемденген.

Сондай-ақ, 2017 жылғы қазаннан 2024 жылғы мамырға дейін директор шетелдік мұғалімдердің жалақысын жасанды және негізсіз түрде көтеру арқылы, делдалдар арқылы мектеп қаражатын жалпы сомасы 75 миллион теңгеге иемденгені анықталды. Мектеп бухгалтері 2017–2024 жылдары қылмыстық жолмен алынған бюджет қаражатын заңдастыру мақсатында шамамен 176 миллион теңгені жеке депозиттік шотына аударып, 9 миллион теңге көлемінде сыйақы алған", - делінген хабарламада.

Сотталушылар кінәсін мойындамады. Қорғау тарапы олардың әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтауды сұрады. Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші өкілдерінің, куәлардың айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған заттай дәлелдемелермен дәлелденді.

"Мектеп директорына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сонымен қатар екі қабатты тұрғын үйі, автотұрақ орны мен зергерлік бұйымдары тәркіленді. Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының мзейнеткерлік жаста болуын ескерді (65 жас). Бухгалтерге 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, автокөлігі, автотұрақ орны мен зергерлік бұйымдары тәркіленді. Кәмелетке толмаған үш баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 1 жылға кейінге қалдырылды", - делінген сот мәліметінде.

Азаматтық талап 588 миллион теңге көлемінде қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.