Қоғам

Щучинсктегі дәмханадағы жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы ауыр

Ақмола облысында дәмханадағы жарылыстан зардап шеккен сегіз адам реанимацияда жатыр.

Ақмола облысында дәмханада болған жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы әлі де ауыр. Науқастардың төртеуі қазір Щучинскте жан сақтау бөлімінде жатыр. Тағы төрт адам Көкшетаудағы облыстық ауруханада, реанимацияда, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Бес адам Астанаға ем алуға жіберілді. Елордадан анестазиолог, реаниматолог дәрігерлер келген. Болған оқиғаға қатысты қылмыстық істі енді прокуратура қарап жатыр. Әзірге құқық қорғау органы ресми ақпарат жарияламады. Ал облыстық әкімдіктің мәліметінше, қайтыс болған 2 адамның және зардап шеккен 3 адамның отбасыларына жергілікті кәсіпкерлер несиелерін жауып береді. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған тағы 4 зардап шегушіге бизнес қоғамдастығы қосымша материалдық көмек көрсетеді. Айта кетейік, 26-шы ақпанда Щучинсктегі дәмханалардың бірінде 5 газ баллоны жарылып, арты үлкен өртке ұласқан болатын. Салдарынан кафенің жеті қызметкері қаза тауып, 28 адам зардап шекті.

«Щучинск ауруханасынан 27 ақпанда 7 адам ауыстырылды. Сол жеті адамның үшеуін Астанаға аудардық санавиация бойынша. 4 науқас осында жатыр, реанимация бөлімшесінде. Жан сақтау бөлімшесінде. Төртеуінің халдері ауыр. Бірақ стабильный. Керек дәрі-дәрмектің бәрі бар. Ем-шараның барлығын толық алып жатыр науқас», - дейді Ақмола облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі Мұратбек Бекмұхамбетов.