Денсаулық

«Қызылша — қауіпті жұқпалы аурулардың бірі»: Денсаулық сақтау министрі ата-аналарға ескерту жасады

Денсаулық сақтау министрі ата-аналарға видеоүндеу жолдады.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақстандық ата-аналарға балаларына қызылшаға қарсы вакцина салдыру керек екенін ескертіп, видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Министр елімізде қызылша өршіп тұрғанын және бұл қауіпті жұқпалы ауру екенін айтты.

«Қазір елімізде қызылша ауруын жұқтырғандар көбейді. Бұл «қарапайым балалар инфекциясы» емес. Қызылша — асқынуы ауыр болуы мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар осал келеді», - дейді Әлназарова.

Қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы екпе салдыру екенін ескертті.

«Сенімді қорғанудың жалғыз жолы — вакцинациялау. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген. Сіздерді дәлелді медицина қағидаттарына және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырамын. Балаңызға екпе жасату арқылы сіз тек өз балаңызды ғана емес, өзге балаларды да қорғайсыз», - деді Әлназарова.