Басты жаңалықтар

«Қазақстан Ираннан келетін босқындарды қабылдауға дайын ба?»: СІМ жауап берді

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ираннан келуі мүмкін босқындар туралы сұраққа жауап берді.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға Ираннан келетін босқындарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі

Үкімет брифингінде Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаевтан журналистер Қазақстан Ираннан келетін босқындарды қабылдауға дайын ба, деген сұрақ қойды. 

Министр орынбасарының айтуынша, қақтығыс басталғалы бері Иранда немесе Таяу Шығыстың өзге елдерінде тұратын этникалық қазақтардан ресми өтініш түспеген.

 “Бұл - Иран Ислам Республикасының азаматтары. Біз бұған дейін басқа мемлекеттердің ісіне араласпау саясатын ұстанатынымызды айттық. Біз өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау саясатын ұстанамыз. Сондықтан теориялық тұрғыдан айтсақ, егер азаматтар өтініш білдірсе, мәселе олардың этникалық тегіне емес, азаматтығына байланысты қаралады”, – деді Бақаев.

Шенеунік журналистердің мұндай азаматтарға босқын мәртебесі беріле ме деген сұрағына да жауап берді. Айтуынша, қолданыстағы хаттама талаптарына сай келген жағдайда бұл мүмкін.

 “Әрине. Мұндай хаттамалар бар. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде қандай жұмыс жүргізу керегін біледі. Бірақ тағы да атап өтемін, мұндай өтініш түскен жоқ, ондай дабыл жоқ. Мәселе біздің бақылауымызда”, – деді Бақаев.