20 жылдан кейін әшкереленген қылмыс: Алматы облысында кісі өлтіру ісі қайта ашылды
Алматы облысында 20 жылдан кейін әшкере болған қылмысқа қатысты үшінші күдікті 16 жылға сотталды,-деп хабарлайды Kyn.kz тілшісі.
2006 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласында такси жүргізушісі ретінде танысқан үш адам Қырғызстан азаматшасын көлікке отырғызып әкеткен. Тергеу деректеріне сәйкес, олар қызды тұншықтырып, жеке заттарын ұрлап, денесін Алматы–Қапшағай тас жолы бойына тастап кеткен.
2007 жылы күдіктілердің екеуі сотталған. Алайда үшінші қатысушыға қатысты іс толық аяқталмай, қылмыстық іс өндірісі тоқтап қалған.
Арада жылдар өткен соң прокурорлар мұрағат материалдарын және дерекқорларды қайта тексеріп, істі қайта назарға алған. Жүргізілген қосымша жұмыс нәтижесінде үшінші күдікті 2025 жылдың 9 шілдесінде ұсталды.
2026 жылдың 24 ақпанында сот оны 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Осылайша, жиырма жылға жуық уақыт өткен соң ауыр қылмыс бойынша әділдік орнатылды.