Қоғам

“Балалардың басын таяқпен ұрған”: Алматыдағы түзету орталығының қызметкері қамауға алынды

Алматыдағы түзету орталығындағы ерекше балаларды қинап, ұрған қызметкер қамауға алынды.

Алматыдағы түзету орталықтарының бірінде қызметкерге қатысты шағымдардан кейін ер адам қамауға алынды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде Алматы қаласындағы балаларға арналған түзету орталықтарының бірінде қызметкерлердің күш қолданатыны туралы ақпарат тараған болатын.

Бейнежазбада ересек адамның баланың қолын қайырып, күш қолданғаны көрінеді.

Аталған дерек бойынша түзету орталығы қызметкерінің заңға қайшы әрекеттеріне байланысты қылмыстық іс қозғалды. 

«Жедел-тергеу іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, куәлар мен іске қатысы бар өзге де тұлғалардан жауап алынуда.

Тергеу барысы Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.