Саясат

Депутат Бас прокурор мен ІІМ-ге депутаттық сауал жолдады

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлының Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жаһандық геосаяси шиеленіс жағдайында Қазақстанның қылмыстық саясатын ізгілендіру туралы жолдаған депутаттық сауалы.

Қазіргі кезеңде халықаралық қатынастар жүйесінде геосаяси және геоэкономикалық шиеленістер күшейе түсті. Мемлекеттер арасындағы санкциялық шектеудің ұлғаюы, әскери-саяси текетірестің жиілеуі әлемдік қауіпсіздік архитектурасына айтарлықтай әсер етуде. Осындай күрделі жағдайда түрлі тараптар қарулы қақтығыстарға адамдар тарту үшін жалдау, алдау, үгіттеу тәсілін белсенді қолдануда.

Өкінішке қарай, мұндай ықпалға түскен отандастарымыздың саны артып келеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша (шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) тіркелген қылмыстық істердің саны жыл сайын өсуде. Атап айтқанда, 2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, 2025 жылы – 141 іс тіркелді. Осы 2025 жылы тіркелген істер бойынша 26 азамат сотталған.

 Бұл көрсеткіш әлемдегі әскери қақтығыстың ушығуы азаматтарды тарту әрекетінің де еселеп артқанын аңғартады.

Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, бірқатар мемлекет өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамында ұрыс қимылына қатысуын автоматты түрде қылмыс ретінде қарастырмайды.

Қатаң жауапкершілік, негізінен, террористік ұйымдар қатарына қосылғандарға, әскери қылмыс жасағандарға немесе өз мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы әрекет еткендерге қолданылады.

Әрине, қарулы қақтығыс аймағына ешкім  ажал іздеп себепсіз бармайды. Бірі – әлеуметтік қиындықтың салдарынан, бірі – адасу немесе алдану арқылы, енді бірі – мәжбүрлеу жағдайында баруы мүмкін. Осындай жағдайға тап болғандардың дені табысты жұмыс табамыз деген үміттің жетегінде жүріп ұрынып қалғанын айтады. Құрыққа ілінгенін түсінген шақта, шегінерге жер жоқ, шарасыз жат елдің қанды майданының қатысушысына айналады. Артта аңырап, ата-ана, еңіреп отбасы мен жақындары қалады.

 Алайда өз ісіне өкініп, елге оралуға ниет білдірген азаматтар үшін қазіргі заңнамадағы қатаң санкция елеулі тосқауыл болып отыр.

Тәубесіне келіп, Отанға оралған азаматтың ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы оның толыққанды қайта әлеуметтенуіне кері әсер етуі мүмкін.

Оған қоса, сотталғандардың арасында Ресей елінің азаматтығын алғандары тағы бар. Мысалы, жуырда 6 жылға бас бостандығынан айырылған – Евгений Люфт сол елдің азаматы болған деген әңгіме бар.

Осы ретте, халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, террористік ұйымдар құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыру орынды деп санаймыз. Білместікпен бір сүрінген азаматтарымызды елден ерек қатаң жазаға тарту қаншалықты орынды?!

Осыған байланысты мынадай ұсыныстарды жолдаймыз:

1. Әлем елдерінің құқықтық тәжірибесін жан-жақты зерделеп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің
170-172 баптарын жетілдіру және саралау бөлігін нақтылау бойынша заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеп, Парламент қарауына енгізуді;

2. Террористік ұйымдар құрамында болмаған, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен елімізге оралған азаматтарға қатысты құқықтық бағалаудың сараланған тетігін енгізуді қарастыру қажет.

Атап айтқанда, олардың қоғамға қауіптілік деңгейін ескере отырып, шартты жаза, бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау немесе өзге де баламалы жазаны қолдану мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді;

3. Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысып, елге оралған азаматтарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік оңалтуға бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз.

 

Құрметпен, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі     Ж. Амантайұлы