Air Astana Сауд Арабиясынан жүздеген қазақстандықты елге қайтарды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 19:44
- 43
Air Astana компаниясы Сауд Арабиясында болған Қазақстан азаматтарын елге жеткізу жұмыстарын жалғастыруда. 4 наурызға қараған түні әуе тасымалдаушысы бірден төрт арнайы рейс орындап, 640 жолаушыны Қазақстанға жеткізді.
Ұшақтар Медина мен Жидда қалаларынан Атырау және Ақтау бағыттарына ұшты. Жолаушыларды өңірлерге бөліп жеткізу үшін қосымша ішкі рейстер ұйымдастырылып, Атыраудан Алматыға екі ұшақ, Астанаға бір рейс аттанды.
Бұдан бөлек, бүгін тағы екі қосымша рейс жоспарланған. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп іске асырылуда. Жаңа рейстер Жидда–Ақтау–Алматы және Жидда–Атырау–Алматы бағыттары бойынша орындалады.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, Жиддадан Ақтауға бағытталған рейс кешкі сағат 18:00-де ұшып, түнгі 01:05-те Ақтауға қонады. Одан әрі ұшақ Алматыға бет алып, таңғы 06:05-те жетеді. Ал Жидда–Атырау бағыты бойынша ұшақ 20:45-те әуеге көтеріліп, 05:05-те Атырауға қонады, кейін 09:55-те Алматыға ұшады. Уақыт кестесі жергілікті уақытпен берілген.




