Шетелге жұмысқа барғанда сақ болыңыз: ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады
ІІМ азаматтарды шетелге жоғары жалақы төлейтін жұмысқа шақыратын сайттардан сақ болуға шақырды.
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды шетелде жоғары жалақы төленетін жұмыс ұсынатын интернеттегі күмәнді хабарландырулардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, жоғары жалақы төлейтін ұсыныстардың артында алаяқтар тұруы мүмкін. ІІМ заматтарды шетелдегі “жалақысы жоғары жұмысқа” тарту деректері көбейгенін айтып, мұндай ұсыныстардың қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті.
Табысы жоғары, жол ақысы мен жатын орны тегін, тәжірибе мен тіл білуді талап етпейтін оңай жұмыс ұсынамыз деген хабарландырулар көбіне Telegram-дағы арналарда, WhatsApp топтарында және өзге де онлайн алаңдарда таратылады.
Алайда шетелге барған азаматтар іс жүзінде мүлде басқа жағдайға тап болуы мүмкін:
- жеке куәлігі мен өзге де құжаттарының қолды болуы;
- еркін жүріп-тұру мүмкіндігінің шектелуі;
- интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемаларға күштеп тартылу;
- уәде етілген жалақының берілмеуі;
- “босатып жіберу” немесе елге қайтару үшін ақша талап ету;
- қысым көрсету, қорқыту.
Сақтық үшін мыналарды ескерген жөн:
- шетелге жұмысқа тек ресми тіркелген, лицензиясы бар агенттіктер арқылы барыңыз;
- жұмыс беруші туралы мәліметті және келісімшарт талаптарын жан-жақты тексеріңіз;
- құжаттарыңыз бен жеке деректеріңізді бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмаңыз;
- сапар бағыты мен баратын жеріңіз туралы жақындарыңызға алдын ала хабар беріңіз.
Егер күмәнді ұсыныс алсаңыз немесе алаяқтық белгілерін байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына жүгінген дұрыс.
- Ведомство өкілдері азаматтарды қырағы болуға және интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.