Қоғам

Алматыда жүкті әйел өзін көпшіліктің алдында ұрысқан колледж директорының атына шағым түсірді (ВИДЕО)

Колледж директоры жүкті қызметкерін көпшіліктің алдында ұрсып, қорлағаны туралы видео тарады.

Алматы телекоммуникациялар және машина жасау колледжі қызметкері оқу орны басшылығы тарапынан қысым көргенін мәлімдеді. Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Жазуынша, ұжымның кезекті жиналысы кезінде колледж директоры оған айқайлап, көпшіліктің алдында қорлаған.

Әйел ол кезде жүктіліктің бесінші айында болған. Сол жағдайдан соң оның жағдайы күрт нашарлап, қан қысымы 150/100-ге дейін көтеріліп, жедел жәрдем шақыруға тура келген. Дәрігерлер мерзімінен бұрын босану қаупі бар екенін ескерткен.

Видеода директордың қызметкерін ұрсып сөйлегені естіледі. Кейін әйелдің айтуынша, басшы «қызметкердің жүкті екенін ұмытып кеткенін» айтқан.

Әйел мемлекеттік органдарға e-Otinish порталы арқылы шағым жолдаған. Оның пікірінше, болған жағдай еңбек заңнамасын, кәсіби әдеп нормаларын және өзінің конституциялық құқықтарын бұзу болып табылады.