Қоғам

Өз туыстарын өлтіріп, денелерін бөлшектеп тастаған: Ақмола облысындағы қанды қылмыс туралы дерек шықты

ІІМ Астана маңында болған қылмысқа қатысты дерекпен бөлісті.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында болған жантүршігерлік қылмыс туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Әділовтың айтуынша, күдікті ұсталып, екі айға қамауға алынған.

"Күдікті ұсталды. Ол сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында да қосымша тергеу шаралары жүргізіліп, тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр", - деді министрдің орынбасары.

Күдіктінің бұрын сотты болғаны белгілі болды. Алайда қандай қылмыс екені айтылмады.

"ІІМ өкілі ретінде айта аламын, адамның кінәлі немесе кінәсіз екенін анықтау тек соттың, әділ соттың құзыреті. Қылмыстық қудалау органының, бұл жағдайда полицияның міндеті - дәлелдерді жинау, істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықты дұрыс саралау", - деп түсіндірді Әділов.

ІІМ өкілі қаза тапқандардың бірнеше адам екенін растады.

Еске салайық, осыған дейін Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында бір отбасы мүшелерінің қатыгездікпен өлтірілгені туралы хабарлама желіде тараған болатын.