Қоғам

Алматыда колледж директоры мен іс жүргізуші арасындағы жанжалға Басқарма нүкте қойды

Желіде колледж қабырғасында болған түсініспеушіліктің видеосы тарап, жұрт талқысына түскен еді.

Қалалық Білім басқармасы Алматы телекоммуникациялар және машина жасау колледжі (АКТиМ)-де болған оқиғаға пікір білдірді. Еске салсақ, бірнеше күн бұрын директор мен іс жүргізуші арасында жанжал туындаған болатын. Белгілі болғандай, оған еңбек тәртібі себеп болған. Оқу орнының әкімшілігі қызметкердің өз міндеттерін жүйелі түрде орындамауына байланысты оған ескерту жасаған. Оқиғаның видеосы желіге тарап кетті. 

Білім басқармасы жанжалдың шешілгенін және жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді. Колледж директорына қатаң сөгіс берілген.
    
Алматы қаласы Білім басқармасының ресми жауабы:

2026 жылы 3 наурызда Алматы телекоммуникациялар және машина жасау колледжі (АКТиМ) директорымен іс жүргізуші арасында еңбек тәртібіне қатысты дау болған. Колледж директоры іс жүргізушінің қызметтік міндеттерін жүйелі түрде орындамауына және корпоративтік әдеп нормаларын бұзуына байланысты ескерту жасаған.

Өз кезегінде қызметкер бағыну тәртібін өрескел бұзып, дұрыс емес әрі көтеріңкі дауыспен сөйлеген. Колледж директоры да эмоцияға беріліп, дауыс көтерген.

Аталған оқиға бойынша Білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде педагогикалық әдеп қағидаларының бұзылғаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша 2026 жылғы 4 наурызда колледж директорына қатаң сөгіс берілді.

Білім басқармасы барлық ведомстволық мекемелерде моральдық-этикалық ахуалдың сақталуын тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Білім басқармасының мәліметінше, болған жағдайға байланысты ішкі тексеріс жүргізілген. Барлық тараптармен кездесу ұйымдастырылып, екі тарап та тыңдалған.Тексеру нәтижесінде колледж директорына қатысты тәртіптік шаралар қолданылған.