Қоғам

Нұрхат Ораш: ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістер — «Заң мен Тәртіп» қағидасын күшейтіп, адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарады

Саясаткер Нурхат Ораш жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдіріп, ұсынылып отырған өзгерістер еліміздің құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

Оның айтуынша, еліміздің құқықтық жүйесіндегі соңғы өзгерістер — жай ғана техникалық түзетулер емес. Бұл бастамалар «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтып, адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған.

«Ең алдымен, “республикалық референдум” атауының “бүкілхалықтық референдум” болып өзгеруіне тоқталғым келеді. Мұндағы басты мән — мемлекеттік құрылым формасына емес, халықтың бірлігіне және ең маңызды мәселелерді бүкіл ел болып шешу қағидасына басымдық берілуінде», — деді Нурхат Ораш.

Сонымен қатар, Конституциялық өзгерістер заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғау бағытында нақты кепілдіктерді күшейтеді. Атап айтқанда, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін, олардың жағдайын нашарлататын немесе жауапкершілікті күшейтетін заңдардың кері күші болмайтыны нақты бекітіледі.

«Бұл — әділеттілік қағидатына толық сай келетін, адамға бағытталған заманауи тәсіл», — деп атап өтті ол.

Экономикалық даму тұрғысынан да маңызды жаңалықтар қарастырылған. Жаңа жоба аясында жекелеген аймақтарда, соның ішінде АХҚО мен «Алатау» сияқты жобалар негізінде қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жедел даму қалалары» мәртебесін беру мүмкіндігі конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл шаралар инвесторлар үшін тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, қоғамдағы ашықтықты арттыру мақсатында шетелдік мемлекеттерден немесе тұлғалардан қаржы алатын коммерциялық емес ұйымдардың қаржылық қызметі бойынша ашықтық талаптары енгізілмек. Мұндай ұйымдардың активтері мен қаржы қозғалысы туралы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы тиіс.

Нурхат Ораштың пікірінше, бұл норма ішкі мемлекеттік процестерге сырттан жасырын ықпал ету тәуекелдерін азайтып, үкіметтік емес секторға деген қоғам сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

«Барлық осы бастамалар — тұрақты, ашық және әділетті мемлекет құру жолындағы маңызды белестер», — деп қорытындылады ол.