Атырауда бір отбасының жоғалуы: Мирамгүл мен Наурыздың денесі үй ауласынан табылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 10 наурыз, 2026
- 132
Атырау қаласына қарасты Геолог шағын ауданында бұрын із-түзсіз жоғалған Мирамгүл мен Наурыздың денесі табылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Индонезияда ұсталып, Алматыға жеткізілген күдікті Сұлтан Сәрсемалиевтің берген жауабынан кейін марқұмдардың денесі уақытша баспананың ауласына көмілгені нақтылана түскен.
Белгілі болғандай, кеше Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелі Ақбаян Алматыға жеткізілген. Тергеу барысында Сұлтан Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың денесін өзі бұрын тұрған Геолог шағын ауданындағы үйдің ауласына көмгенін айтқан.
Осы мәліметтен кейін Атыраудағы тергеушілер аталған мекенжайға қайта барып, аумақты мұқият тексерген. Соның нәтижесінде екі адамның мәйіті табылды.
Марқұмдардың денесі шыққан үйде күдікті Сұлтан Сәрсемалиев әйелімен бірге тұрғаны анықталған.
Осылайша, із-түзсіз жоғалған отбасы мүшелерінің барлығы табылып отыр. Қазір қылмыстың барлық жай-жапсары анықталып, тергеу амалдары жалғасуда.
Еске салайық, бұл отбасыға қатысты іздестіру жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айынан бері жүргізілген. Оған полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылып, арнайы жылжымалы штаб құрылған.




