Денсаулық

Қазақстанда зейнетақы жинағын тіс емдетуге пайдалану қайта енгізілмек

Отбасы банк басқарма төрайымы зейнетақы жинағын тіс емдетуге пайдалану қайта енгізілуі мүмкін екенін айтты.

Үкіметтегі брифингте Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинағын денсаулыққа, соның ішінде тіс емдеуге пайдалану қайта енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Отбасы банк басқарма төрайымының айтуынша, бұл бағдарлама бұрын халық арасында үлкен сұранысқа ие болған.

“Бұл өте қажет әрі маңызды бағдарлама болды. Қазір де зейнетақы жинақтарын алу жалғасып жатыр. Бірақ бұрын азаматтар оны емделуге де пайдалана алатын. Өкінішке қарай, халықтың шамамен 10%-ы қаражатты мақсатсыз пайдаланған. Сол себепті 90% адам осы мүмкіндіктен айырылып қалды. Меніңше, бұл әділетсіз”, – деді Ибрагимова. 

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін емделуге арналған қаражат алу тетігін толық онлайн форматқа көшіру жоспарланған.

“Біз Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Міндетіміз бұл қызметті қолжетімді әрі толық ашық ету. Жүйеге стоматологиялық клиникалар мен басқа да медициналық ұйымдар енгізіледі. Барлық қызмет онлайн түрде, атқарылған жұмыстар актілері арқылы рәсімделеді және жүйе Денсаулық сақтау министрлігімен интеграцияланады”, – деді ол.

Емделуге арналған зейнетақы қаражатын пайдалану қашан жүзеге асырылатыны белгілі болды.

“Емделуге арналған зейнетақы қаражатын пайдалану мәселесі жоспарымызда үшінші-төртінші тоқсанда қарастырылады”, – деді Ибрагимова.