Ана мен бала қауіпсіздігі: Қазақстанда дәстүр мен мемлекеттік саясат қалай тоғысады?
Қазақстанда ана мен баланы қорғау – ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік саясат тоғысқан маңызды әлеуметтік бағыттардың бірі.
Қазақстанда ана мен баланы қорғау мәселесі қоғамдағы ең маңызды әлеуметтік бағыттардың бірі болып саналады. Бұл тақырып тек әлеуметтік саясатпен ғана емес, ұлттық құндылықтармен де тығыз байланысты. KYN.KZ тілшісі кәсіби медиатор, заңгер Жұлдыз Өтегеновамен сұхбаттасып, еліміздегі ана мен балаға қатысты қолдау жүйесі мен құқықтық қорғау мәселелері жөнінде пікірін білді.
Сарапшының айтуынша, қазақ қоғамында анаға деген құрмет ежелден қалыптасқан. Дәстүрлі дүниетанымда ана – отбасының ғана емес, ұлттың рухани тірегі ретінде қабылданған. Сол себепті бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігі бұрыннан қоғам назарында болған.
«Қазақ мәдениетінде ана мәртебесі әрқашан жоғары бағаланған. Баланың амандығы мен тәрбиесіне бүкіл отбасы ғана емес, кейде тұтас қауым жауапты болған. Бүгінгі күні бұл құндылықтар мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясатпен ұштасып отыр», – дейді Жұлдыз Өтегенова.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда ана мен баланың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық база қалыптасқан. Мемлекет әйелдердің жүктілік кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, медициналық қызметтің қолжетімді болуына және балалардың денсаулығын қорғауға басымдық беріп келеді.
Медицина саласында перинаталдық орталықтар мен түрлі медициналық бағдарламалар іске асырылып, болашақ аналардың денсаулығын бақылау жүйесі жолға қойылған. Сонымен қатар, жаңа туған сәбилердің денсаулығын қорғау, вакцинация, дұрыс тамақтану және психологиялық даму мәселелері де мемлекеттік бағдарламалардың құрамында қарастырылған.
Заңгердің пікірінше, әлеуметтік қолдау шаралары да маңызды рөл атқарады. Мемлекет балалы отбасыларға әртүрлі жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер арқылы қолдау көрсетеді. Бұл әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасылар үшін үлкен көмек.
«Бала дүниеге келген кезде берілетін біржолғы төлем, бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы, көпбалалы аналарға арналған мемлекеттік төлемдер – осының бәрі отбасының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек жүйесі де көптеген отбасыларға қолдау көрсетіп келеді», – дейді ол.
Сонымен қатар көпбалалы аналарды қолдау саясаты да ерекше маңызға ие. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне арналған арнайы төлемдер мен жеңілдіктер қарастырылған. Бұл шаралар отбасы институтын нығайтып, демографиялық өсімді қолдауға бағытталған.
Жұлдыз Өтегенованың айтуынша, ана мен баланы қорғау тек мемлекет міндеті ғана емес, қоғамның да ортақ жауапкершілігі. Заңнамалық қолдау, әлеуметтік бағдарламалар және ұлттық құндылықтардың үйлесуі арқылы ғана бұл бағытта нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.
«Ең бастысы – ана мен баланың қауіпсіздігі мен құқықтары толық қорғалуы тиіс. Бұл кез келген мемлекеттің дамуы мен болашағы үшін стратегиялық маңызы бар мәселе», – деп қорытындылады сарапшы.
Kyn.kz тілшісінің жазуынша, Қазақстанда ана мен баланы қорғауға бағытталған саясат қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және болашақ ұрпақтың қауіпсіз әрі сапалы ортада өсуіне жағдай жасауға бағытталған.