Щучинсктегі қайғылы оқиға: ТЖМ жарылыс болған кафені тексермеген
11 адам қаза тапқан Щучинсктегі кафе тексерілмеген.
11 адам қаза тапқан Щучинск қаласындағы "Центр плова" кафесінде тексеру жүргізілмегені белгілі болды. Бұл туралы төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Вице-министрдің сөзінше, көлемі 50 литрге дейінгі газ баллондарын пайдаланатын нысандар әкімдіктердің қарауына жатады.
"Онда бұл мәселені бақылап, тиісті жұмыстарды жүргізетін газ-техникалық инспекция бар. Аталған кафе 300 шаршы метрге дейінгі аумақта орналасқан, сондықтан ол жоғары тәуекел аймағына емес, орташа тәуекел аймағына кіреді. Сол себепті мұндай нысандар келушілердің шағымы немесе прокурорлық бақылау бойынша тексеріледі. Сондықтан біздің тараптан бұл нысан тексерілмеген", - деді Кеген Тұрсынбаев Сенаттағы брифингте.
Ол премьер-министрдің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылғанын және сол секілді нысандардың тексерілетінін айтып, сендірді.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын Ақмола облысында Щучинск қаласындағы кафеде жарылыс болды. Салдарынан қаза тапқан адамдардың саны 11-ге жетті.