Қоғам

Таразда 9-сынып оқушысын жеті қыз соққыға жықты (ВИДЕО)

Бірнеше қыздар тобы оқушыны көшеде ұрып-соққан.

Таразда тоғызыншы сынып оқушысын қатарлас қыздар соққыға жыққан. Полиция іс бойынша тергеу жүргізіп, күдіктілер профилактикалық есепке алынды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Желілерде әйел қызын көшеде соққыға жыққанын айтып видео жарияланды.

«Біз жақында №51 мектепке көшіп келгенбіз. №25 мектептің қыздары жабылып ұрып кетті. Суық қару кастетпен ұрып, реанимациядан бірақ шықты. Заң не қарап отырғанын білмеймін. Ата-аналары келіп, маған неше түрлі сөздермен қоқан-лоққы жасап жатыр. Өлтіріп кетемін деп жатыр. Балаларым мектепте қалай жүреді? Өзімді, қызымды қорғауын талап етемін», — деді қыздың анасы.

Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Төбелеске қатысқан барлық жасөспірімдер анықталып, полицияға жеткізілген.

«Оқушы қыздардың ата-аналары кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралып, нәтижесінде олар профилактикалық есепке қойылды», — деп мәлімдеді ведомство.

Полиция қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын қосты.