Қоғам

Атырауда жігіт 19 жастағы қызды азаптап, оны тікелей эфирде көрсеткен

21 жастағы жігіт қызды ұрып-соғып, әлеуметтік желіге видео салған.

Атырауда жігіт қызға дене жарақаттарын салып, оны әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қазіргі кезде ол 30 тәулік қамауға алынды. 21 жастағы жігіт әлеуметтік желіде қоштасу сипатындағы видео жариялады. Кадрларда ол қолындағы пышақты және қолындағы жараларды көрсетеді. Оның үстінде қанның ізі бар 19 жастағы қыз болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт бірнеше сағат бойы қызды ұрып-соғып, оған пышақ жарақатын салған. Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Күдікті ұсталып, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабы (“Азаптау”) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол мұндай әрекетке баруына бұған дейін өз-өзіне қол жұмсаған досының өлімінен кейінгі ауыр эмоциялық күйі себеп болды деп түсіндірген.

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі соты жігітті Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекстің 434-бабы 2-бөлігі (“Ұсақ бұзақылық”) және 440-бабы 1-бөлігі (“Алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға мас күйде келу”) бойынша кінәлі деп таныды. Қызды азаптаған жігітке 30 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды.