АҚШ президенті Дональд Трамп бүкіл әлем бойынша ресейлік мұнайды сатып алуға қатысты санкцияларды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл шара 11 сәуірге дейін күшінде болады және қазірдің өзінде теңізде тасымалданып жатқан мұнайға қатысты.
АҚШ Қаржы министрі Скот Бессент Иранмен соғыстың салдарынан тұрақсызданған мұнай нарығын тұрақтандыру мақсатында ресейлік мұнайды сатып алуға уақытша мүмкіндік берілгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Әлемдік нарықтағы қолданыстағы жеткізілімдерді кеңейту үшін АҚШ Қаржы министрлігі қазіргі уақытта теңізде тасымалданып жатқан ресейлік мұнайды елдердің сатып алуына уақытша рұқсат береді. Бұл тар ауқымды әрі қысқа мерзімді шара тек жолда келе жатқан мұнайға қатысты және Ресей үкіметіне айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді. Өйткені Ресейдің негізгі табысы мұнай мен газдан өндіріс орнында алынатын салықтар арқылы түседі», — деп жазды АҚШ Қаржы министрлігінің басшысы.



