Атом энергетикасы: Қазақстан үшін жаңа энергия дәуірі ме?
Әлемде энергияға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Климаттың өзгеруі мен көміртегі шығарындыларын азайту қажеттілігі көптеген елдерді атом энергетикасына қайта назар аударуға итермеледі. Қазақстан да бұл мәселені белсенді талқылап жатқан мемлекеттердің бірі, деп хабарлайды Kyn.kz.
Халықаралық ұйымдардың дерегіне сәйкес, бүгінде әлемде 30-дан астам елде 440-қа жуық атом реакторы жұмыс істейді. Олар жаһандық электр энергиясының шамамен 10 пайызынөндіреді. Ал кейбір мемлекеттерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мысалы, Францияда электр энергиясының шамамен 65–70 пайызы атом станцияларынан өндіріледі.
Қазақстан атом энергетикасы саласында әлеуеті жоғары елдердің қатарында. Себебі еліміз уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. 2024 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстанда өндірілген уран көлемі әлемдік өндірістің 40 пайыздан астамын құрайды. Соған қарамастан елде әлі күнге дейін атом электр станциясы жұмыс істемейді.
Энергетика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаевтың пікірінше, атом электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайта алады. Оның айтуынша, «елдегі электр энергиясына сұраныс жыл сайын өсіп келеді. АЭС тұрақты және үлкен көлемде энергия өндіретін тиімді көздердің бірі».
Бұл бағыттағы нақты мысалдардың бірі – Түркиядағы Аккую атом электр станциясы. Жоба Ресейдің «Росатом» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. АЭС толық іске қосылғанда жылына 35 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді және Түркияның энергия тұтынуының шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді.
Тағы бір мысал – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Барака атом электр станциясы. 2024 жылы төртінші реакторы іске қосылғаннан кейін бұл станция елдегі электр энергиясының 25 пайызына дейін өндіре бастады. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба көміртегі шығарындыларын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстанда да атом станциясын салу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Мамандардың айтуынша, егер жоба жүзеге асса, ол елдің энергетикалық тапшылығын азайтып, өнеркәсіптің тұрақты дамуына ықпал етуі мүмкін.
Дегенмен атом энергетикасына қатысты қоғамда түрлі пікір бар. Бірі оны тұрақты энергия көзі деп санаса, енді бірі экологиялық қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды. Сондықтан бұл мәселе Қазақстан үшін тек энергетикалық емес, стратегиялық шешімдердің бірі болып қала береді.