Іс-шараға саяси партиялардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар, Парламент депутаттары, сарапшылар және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты. Республикалық референдум қарсаңында кездесуге қатысушылар түсіндіру жұмысын қорытындылады.
Іс-шарада Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және өзге де азаматтар сөз сөйледі.
Отырысты ашқан Жалпыұлттық коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов Коалиция мүшелері еліміздегі қалалар мен ауылдардың барлық дерлігін аралап, миллиондаған азаматпен кездескенін атап өтті. Оның айтуынша, осы кездесулер кезінде жастар қауымы ерекше белсенділік танытты. Жас азаматтар Президент ұстанған бағыт нәтижесін өзгелерге қарағанда көбірек сезінеді. Себебі олар елімізді өзгертіп жатқан реформалардың бел ортасында өсіп келеді.
«Бүгін біз еліміздің идеологиялық бағдарының терең әрі мазмұнды трансформациясын байқап отырмыз. Іс жүзінде ұлт болашағының жаңа бағыты айқындалды. Ең алдымен, осы бағытты батыл, өзгерістерді қорықпай қарсы алуға дайын ел жастары қолдап отыр. Олар үшін реформалар жай ғана саяси күн тәртібі емес, өз өмірлерінің ажырамас бөлігі. Жастар қауымы үкілеген үміттері мен алға қойған жоспарлары елдің даму стратегиясынан көрініс тауып жатқанын байқап отыр. Дәл осы көзқарас тоғысқан тұста Мемлекет басшысы мен жастар арасында ерекше синергия қалыптасады», – деді ол.
Ерлан Қошанов Жалпыұлттық коалицияның барша мүшесіне, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақтардың өкілдеріне, белсенді жастар мен волонтерлерге атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді. Аз уақытта тұтас ел аумағында ондаған мың іс-шара өткізіліп, миллиондаған азамат қамтылды. Коалиция мүшелері түрлі мамандық иелерімен және әлеуметтік топтардың өкілдерімен – шахтерлермен, металлургтермен, студенттермен, ғалымдармен, дәрігерлермен, мұғалімдермен, кәсіпкерлермен, жастармен, IT саласының мамандарымен, мәдениет және өнер қайраткерлерімен бірқатар кездесу өткізді. Шалғай ауылдарда, еңбек ұжымдарында, жоғары оқу орындарында, ауруханаларда, мектептерде, шахталар мен зауыттарда да мазмұнды әрі ашық жүздесулер өтті. Барлық кездесу барысында азаматтар жаңа Конституция нормалары жөнінде ашық пікір білдіріп, белсенді түрде сұрақ қойып, өз ойларымен бөлісті.
«Бұл қолдаудың өзегі – қарапайым азаматтардың Мемлекет басшысына және оның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге деген үміті мен сенімі. Яғни, еліміздегі өзгерістердің басты тірегі – халықтың сенімі. Егер, халық билікке сенбесе, Президентке арқа сүйемесе, реформаларды жүзеге асыру да, оларды тіпті бастау да қиын болатын еді. Қарапайым азаматтардың сенімі мен халықтың қолдауы бізге осындай жүйелі, терең өзгерістерді жүзеге асыруға күш беріп отыр», – деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Ата Заңда Қазақстан дамуының Тәуелсіздік пен теңдік, заң мен тәртіп, әділдік пен бірлік сынды негізгі қағидаттары көрініс тапқанын атап өтті.
Сондай-ақ Коалиция Президент саясатына және жаңа Конституцияға қолдау көрсету мақсатында еліміздегі қоғамдық-саяси бірлестіктерді біріктірген біртұтас күшке айналғаны ерекше атап өтілді. Оның құрамына бес саяси партия және шамамен 300 қоғамдық ұйым кірді. Олар шамамен 5 миллион қазақстандық азаматтың мүддесін білдірді. Бұл қоғамдағы түрлі институттың күш-жігерін еліміздің жарқын болашағы жолында ашық әрі мазмұнды жалпыұлттық диалог жүргізу сынды маңызды мемлекеттік міндет төңірегінде топтастыруға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Ирина Смирнова, Жанарбек Әшімжанов, Екатерина Смолякова, мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай, журналист Нұрбек Матжани сөз сөйледі.
Отырыс соңында Коалиция мүшелері барша қазақстандықты алдағы референдумға қатысуға шақырып, әр азаматтың дауысы мемлекет болашағына және Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның дамуына ықпал ететінін атап өтті.




